СҚО-да жаңа жыл қарсаңында арнайы қызметтердің мобильді топтары жұмыс істеп жатыр

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жаңажылдық мерекелер өткізілетін 685 орын тексеріліп, 485 олқылық анықталды. Оның басым бөлігі жойылды.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті мамандары мейрам алдында сақтық шараларын еске салды. Былтыр Бескөл ауылында 27 желтоқсанда алаңдағы шырша жанып кетті. Биыл Шымкентте осындай оқиға қайталанды.

— Іс-шаралар өткізілетін жерлерде эвакуациялау жолдарының жай-күйіне, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуына, шыршаларды қауіпсіз орнату, жарамды электр гирляндаларын қолдану, шыршаны эвакуациялауға кедергі келтірмейтін орындарда орнатуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қызмет көрсетуші персоналдың өрт болған жағдайда әрекет ету дағдыларының болуы тексерілді, — дейді СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжанов.

СҚО-да «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс шарасы басталғаннан бері 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 млн 384 мың теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 1200 астам пиротехникалық бұйым алынды.

— Жаңа жыл мейрамы қарсаңында пиротехникалық өнімге сұраныс артады. Алайда оның қауіп көзі екенін ұмытпаған жөн. Сатып алған фейерверктердің лицензиясы болуы тиіс, әрі жасалған мерзіміне де қарау керек. Отшашуларды ғимараттардан 50 м қашықта және ағаш бауырынан алыс ату керек. Ал желді күні пиротехниканы қолдануға тыйым салынған, — дейді Аслан Ахметжанов.

Қазір СҚО-да ТЖД-нің ғана 69 мобтльді тобы құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Бұған дейін СҚО-да көлігіне жалған нөмір таққан ер адам сотталғанын жазған едік.