СҚО-да Жаңа жыл мейрамына үйлерін безендірген тұрғындар көпшілікті таңғалдырып жатыр

Фото: Фото: видеодан алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жыл мерекесіне орай үйді әсемдеу трендке айналды.

Мұны өңірдегі Тайынша ауданы бастап бергендей. Әлеуметтік желіде түрлі түске малынып, жарқыраған үйлердің ролигі тарады. Кей оқырмандар оны америкалық фильмдердегі Рождество мейрамы қарсаңында безендірілген үйлерге ұқсатты.

Тайынша қаласының тұрғыны Артем Шляйнинг биыл алғаш рет баспанасын безендіріп отыр. Ол осы мақсатқа шамамен 70 мың теңге жұмсаған.

- Көшеден өткендер тоқтап, суретке түсіп жатады. Тоқтап, қарап, қызықтап тұратындар бар. Кейбірі келіп, мерекелік көңіл күй сыйлағанымыз үшін алғыс айтады. Балалар да риза. Үйді безендіруге үш апта уақытым кетті. Кей күндері түнгі сағат 2-3-ке дейін жүрген кездерім болды. Нәтижесі көңілден шықты, - дейді қала тұрғыны.

Ал Серік Хамитов Тайыншада 10 жылға жуық тұрып жатыр.

- Осы учаскені алған кезде кішкентай ғана шырша болатын, алып тастағым келді, бірақ обалсынып, үйді жылжытып салдым. Кейін сол шыршаны жылда безендіретін болдық. Бірақ қазір оған бойым жетпейді. Үйді біз ғана емес, көршілер, бүкіл көше тұрғындары жылда безендіреді. Былтыр, тіпті, әкімдік байқау ұйымдастырып, бірінші орынды жеңіп алдық, - дейді Серік Хамитов.

Ал Қызылжар ауданындағы Метлишино елді мекені эстафетаны жалғастырғандай. Гирляндамен әсемделген үйлердің бірі мұз сарайына ұқсаса, енді бірі баспанасын ғана емес, бүкіл ауласын безендірген. 

Ғ.Мүсірепов атындағы аудан орталығы Новоишимка елді мекені де бұл трендтен қалмады. 

Бұған дейін жаңажылдық ертеңгіліктерге 20 жылға жуық патриоттық киім тіккен СҚО тұрғыны туралы жазған едік.