СҚО-да жарықсыз отырған елді мекендер саны 120-ға жетті

Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының бұзылуына байланысты электр қуатынсыз қалған елді мекендердің саны 120-ға жетті. Қазір он ауданда апаттық бригадалар жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Бұған дейін СҚО-дағы 9 ауданда, 93 елді мекенде жарықтың өшіп қалғанын айтқан едік.

Елді мекендерде электр қуаты ауа райының бұзылуына байланысты сөнген. Өңірде Атлант циклоны ойран салып, салдарынан қар аралас жаңбыр жауды, қатты жел тұрған.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукиннің айтуынша, қазіргі ақпарат бойынша 10 ауданның 120 елді мекенінде жарық өшкен. Бұл – 13 285 абонент.

«Апат орнында «Севказэнерго» АҚ және «Көкшетау-Энерго» ЖШС-гі – екі компанияның 92 бригадасы, 195 техникасы, 448 маманы жұмыс істеп жатыр. Ешкім қол қусырып отырған жоқ», - дейді Владислав Лукин.