СҚО-да жас жігіт аңшы мылтығынан оқ атып, туыстарын қорқытқан
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Тайынша қаласында болған. 26 жастағы жігіт отбасылық жанжал кезінде тіркелмеген аңшы мылтығынан үйінде бірнеше рет оқ атқан. Туыстары полиция шақыруға мәжбүр болды. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Бұл факті «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Полиция қызметкерлері шақырылған кезде, ол қаруды алып оқиға орнынан жасырынған. Ер адамды Тайынша ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аудан орталығындағы көшелердің бірінде ұстады. Ол мас болған. Қардан 16 калибрлі аңшы мылтығы, ұңғыдан 1 патрон табылды. Оқиға орнын тексерген кезде 3 патрон мен 3 атылған гильза анықталды.
Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, күдіктіге қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды.