СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық балалар ауруханасына оқ жарақатын алған 16 жастағы жасөспірім жүгінген.
12 қараша күні Қызылжар ауданының тұрғыны 18 жастағы танысының үйіне барған. Оның пневматикалық мылтығын көрмек болады. Мылтықтың оқталып тұрғанын білмей, абайсызда аяғын атып алған.
Келесі күні фельдшерге жүгініп, ол облыстық балалар ауруханасына жолдайды. Дәрігерлер аталған факті туралы полицияға хабарлаған.
Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Елдiмекендерде атыс қаруынан, газды, пневматикалық, лақтырылатын және электрлі қарудан оқ ату, пиротехникалық бұйымдарды қолдану» бабы бойынша әкімшілік материал жинап жатыр. Мылтық сот шешіміне дейін тәркіленді. Ювеналдық полицейлер жасөспірімнің ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізді.
«Жасөспірім жақсы отбасыдан шыққан. Оқыс оқиға аңшылық және спорттық қару иелерін қаруды белгіленген ережелерге сай сақтаулары қажеттігін ескертеді. Ал ата-аналар балаларына жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіргені жөн», - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.