СҚО-да жауын мен дауылдың салдарынан 100-ге жуық елді мекен жарықсыз отыр
Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының бұзылуына қатысты тағы да 9 аудан жарықсыз қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл жайында СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин хабарлады.
«Сағат 14.00-дегі ақпарат бойынша 9 аудандағы 93 елді мекен жарықсыз отыр. Бұл – 12 мыңнан астам абонент. Олар – Қызылжар, Есіл, Уәлиханов, Тайынша, Айыртау, Аққайың, Ақжар, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар.
Қазір ақпаратты жаңартып жатырмыз», - дейді Владислав Лукин.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі әзірге ақпарат беруден бас тартты. Өйткені, қазір жарықсыз отырған аудандардың басым бөлігіне «Көкшетау Энерго» ЖШС қызмет көрсетеді. Боранды дауыл Қостанай облысы жағынан келе жатқандықтан негізінен өңірдің оңтүстік аудандары электр қуатынан ажырап қалды. Десек те, компания апаттық бриадаларды қатаңдатылған жұмыс тәртібіне көшірген.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәтіметінше, өңірге Атлант циклоны әсер етіп жатыр. Сондықтан 26-27 желтоқсан күндеріне дауылды ескерту жарияланды. Циклон өзімен бірге жауын-шашын, көктайғақ, бұрқасын әкелді. Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Шал ақын, Жамбыл, Тимирязев аудандарында желдің күші 21-29 м/с дейін, кей жерлерде екпіні 30-34 м/с дейін жетті.
Циклонның әсері алдағы күндерде сақталмақ.