СҚО-да жазасын өтеушілер лимон, мандарин, жүзім өсіріп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы ЕС 164/6 мекемесіндегі жылыжайда сотталғандар көкөністерден басқа лимон, мандарин, жүзім өсіруді қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС 164/6 мекемесінде 4 жыл бұрын жылыжай ашылды. Осылайша мекеме өзін қияр, қызанақ және болгар бұрышымен толық қамтып отыр, артылғаны сатылады. Қиярдан ғана аптасына 160 келіге дейін өнім алынады. Ал болгар бұрышының біреуінің салмағы жарты келіге дейін барады екен. Енді мұнда жеміс ағаштары да пайда болды.

Мекемеде жазасын өтеп жүрген Олеся Русак жылыжайда еңбек етеді. Бағбандықты осында үйренген келіншек былтыр қыста жүзім, лимон, мандарин жемістерінің дәнін жерге сіңіріп, баптауға кіріседі. Еңбегі еш болмай өскіндер шықты. Енді жеміс ағаштарының күтімі туралы келіншек білімін арнайы кітаптардан жетілдіріп жүр.

«Бұл жемістерді өсіру үшін ең бастысы жылы және күн болуы қажет. Жылыжайымыз поликарбонаттан жасалған, ол күн сәулесін еселей түседі. Сол себепті жақсы өсіп жатыр. Уақытында суару керек, ал лимонға, сондай-ақ су бүрку қажет. Ал жеміс беруі үшін оларды телу керек, сонда ғана өнім бере бастайды», - дейді Олеся Русак.

Мекеме аумағында шағын ферма да орналасқан. Мұнда тауық пен қоян өсіреді, жылқы ұстайды. Енді сәндік қояндар да пайда болды.

«Кәсіпкер үйде ұстайтын сәндік қоянның біреуін әкелді. Оны біз өзіміздегі қояндармен көбейттік. Әдемі, көздері әдеттегідей қызыл емес, көкшіл, қара болып келеді. Оларға қажет жемазықты да өзіміз өсіреміз. Гидропоника әдісімен өсірілетін шөптің құрамында 16 түрлі дәрумен бар. Сол себепті жануарлар оны сүйсініп жейді. Біз фермадағы қояндарға бұл шөпті күніне 2 рет береміз», - дейді Олеся Русак.

Қазіргі уақытта мекемеде 200-ден аса келіншек жазасын өтеп жатыр. Соның 95 %-ы жұмыспен қамтылған. Еңбекақылар 40 мың теңгеден жоғары.

«Мұндағы сотталғандардың басым бөлігі, яғни 140 әйел «Еңбек Қызылжар» ЖШС-де тігінші болып еңбектенеді. Олар арнайы киім, төсек орын тігеді. Жалпы мекеме аумағында 3 кәсіпкер жұмыс істейді, бірі тігіншілікпен айналысса, екіншісі құрылыс материалдарын шығарады, құс-қоян өсіріп, жылыжай ұстайды, осылайша 5 адамды жұмыспен қамтып отыр, үшіншісі ойыншық қонжықтар тігеді, ол жерде 4 адам жұмыс істейді. Жазасын өтеушілер еңбекақысының жартысы қарыздарын өтеуге кетсе, қалғанын өздерінің керек-жарақтарына жұмсай алады, туған-туыстарына, балаларына көмектеседі», - дейді ЕС-164/6 мекемесі бастығының орынбасары Гүлнәр Сыздықова.