Солтүстік Қазақстан облысы жедел медициналық көмек орталығының директоры Юрий Белоногтың айтуынша, «103» пультіне таңғы 07:32-де қоңырау соғылып, Петропавлдағы № 1 қалалық емхананың екінші қабатында ер адамның ес-түссіз жатқаны хабарланған.
Дереу оқиға орнына бригада аттанған. Жедел жәрдем қызметі келгенде 70 жастағы ер адам клиникалық өлім күйінде болған.
Мамандар № 1 емхана қызметкерлерінің көмегімен ACLS стандарты бойынша реанимациялық іс-шара жасады, яғни жанама жүрек массажын жасап, өкпені жасанды желдету аппаратына қосты, дефибрилляция жасап, Адреналин, Сантадарон берді.
Нәтижесінде 23 минуттан кейін ғана қан айналымы қалпына келді.
Реанимациядан кейінгі іс-шаралар жүргізіліп, науқас Кардиологиялық орталықтың қарқынды терапия бөліміне жатқызылды.
«Біздің орталықтың барлық қызметкерлері, оның ішінде жүргізушілер де жедел медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттары бойынша үнемі оқудан өтеді. Дәрігер Дастан Оразаев — ВLS, ACLS, PALS, PHTLS бойынша халықаралық нұсқаушы. Фельдшер Евгений Швецов — жедел жәрдем қызметінде көп жылдық тәжірибесі бар білікті маман», — деді Юрий Белоног.