СҚО Тайынша ауданында көп реттік маскаларды тігуді үш жеке кәсіпкер қолға алды. Олардың әрқайсысы өз шағын тігін цехтарында күніне 200-дей маска әзірлейді.
Тайынша қаласының 21 жастағы тұрғыны Альбина Қайырбекова осыдан үш жыл бұрын «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасымен кәсіпкерліктің негізін меңгеріп, өз тігін цехын ашқан. Бастапқыда киім-кешекті жөндеумен айналысқан жас кәсіпкер, тәжірибе жинақтай келе жұрттың сұранысы бойынша жеке үлгімен көйлек, костюм тігуді қолға алады. Енді елдегі жағдайға байланысты бар күшті маска тігуге жұмылдырған.
«Елде төтенше жағдай жарияланысымен біз кәсіпкерлерді жинап, оларға маскаға деген қажеттіліктің туындағанын түсіндірдік. Қыздар біздің ұсынысымызды қабыл алып, бірден іске кірісіп кетті. Мақта матадан тігілген, көп реттік маскалардың біреуінің құны 300-400 теңге аралығында. Тұрғындар алып жатыр», - дейді Тайынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Наталья Голубь.
Наталья Голубьтің айтуынша, ауылдық округтердегі қолынан іс келетін үй шаруасындағы кей қыз-келіншектер де өз үлестерін қосып жатыр. Нәтижесінде бүгінде ауданда маскаға деген қажеттілік азайған.