СҚО-да желшешек жұқтырғандар саны үш есе артты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында желшешекпен ауырудың 1078 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық көздерден алынған фото

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, желшешекті жұқтырғандардың шамамен 90% - 14 жасқа дейінгі бала, олардың арасында 943 жағдай тіркелді. Былтыр осы кезеңде 396 адам жұқтырған.

Науқастардың 61% - Петропавл тұрғындары.

Мамандардың айтуынша, желшешек ауа тамшылары арқылы таралады.

«Желшешекпен ауыратын науқастарды анықтауды медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлері амбулаториялық қабылдау, үйге бару, медициналық тексерулер кезінде жүргізеді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда желшешекті жұқтырған соңғы науқас оқшауланған сәттен бастап күнтізбелік жиырма бір күнге карантин белгіленеді.

Карантин енгізілген ұжымдарда кәдімгі дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі, күн сайын. Бөлмені желдетіп отырады. Балалардың қолдарын жиі жуып, жеке бас гигиенасын сақтауын қадағалап отырады», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағындықова.

СҚО-да 21 балабақшаның жекелеген топтарында карантин енгізілді. Оның 19-ы – Петропавлда, бір-бірден Айыртау және Тайынша аудандарында.