СҚО-да жыл басынан бері 35 адам Қазақстан азаматтығын алды

Фото: Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон қызметі былтыр 64 мыңнан астам азаматқа паспорт пен жеке куәлік рәсімдеген.

СҚО Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ермек Нұсұрбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта басқармада 11 қызметкер бар. Олардың міндеті — көші-қонды бақылауды қамтамасыз етіп, халыққа күнделікті қызмет көрсету. Соның ішінде жеке басты куәландыратын құжатты рәсімдеу, шетелдіктерге ел аумағында уақытша және тұрақты тұруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығуға рұқсат беру — сұранысқа ие қызметтер.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

— Былтыр көші-қон қызметі 24 мыңнан астам азаматты ҚР азаматының паспортымен және 40 мыңға жуық адамы жеке куәлікпен құжаттандырған. Қазр азаматтардың қалауы бойынша құжаттарды жеделдетілген тәртіппен рәсімдеу мүмкіндігі бар. Қазір жеке басты куәландыратын құжатты тіркелген орнына қарамастан кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдеуге болады. Мысалы азамат басқа қалаға барып, жеке куәлігін жоғалтып алса, сондағы ХҚКО-ға барып, жаңасына тапсырыс бере алады. Құжат үш күнде, ал республикалық маңызы бар қалаларда бір күнде әзірленеді, — дейді Ермек Нұсұрбаев.

Қазіргі уақытта СҚО аумағында 1477 шетелдік уақытша және 6873 адам тұрақты тұруға тіркелген. Биыл ҚР азаматтығын 35 адам алды. Өткен жылы 55 тұлғаға Қазақстан азаматтығы берілді. Олар негізінен ТМД елдерінен келгендер.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

— Шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұруға рұқсат беру бойынша былтыр 6600 электронды қызмет көрсетілді. Шетел азаматтарына ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша 416 мемлекеттік қызмет берілді. Оның 360-ы — ТМД елдері азаматтарына, 56-сы алыс шетел азаматтарына көрсетілді. Ал өңірден 271 отбасы басқа елге тұрақты тұруға көшіп кетті, — дейді Ермек Нұсұрбаев.

Басқарма бастығының айтуынша, шетелдіктер тарапынан ең жиі жасалатын заң бұзушылық — Қазақстан аумағында болу мерзімін бұзу. Былтыр көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1,5 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда оларға сот шешімімен 5 жылға дейін Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынады.

Бұған дейін Петропавл әкімдігі тасқын кезінде зардап шеккендерді тамақтандырған кәсіпкерге 29 млн теңге қарыз болғанын жазған едік.