СҚО-да жыл басынан бері 52 шетелдік заң бұзғаны үшін ел аумағынан шығарылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1236 шетелдік және Қазақстанның 593 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көші-қон қызметінің қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізеді. Тәртіп сақшылары шетел азаматтары болуы мүмкін базарларды, дәмханаларды, құрылыс нысандарын және басқа да орындарды тексереді.

Фото: СҚО ПД

Қоғамдық тамақтану орындарының бірінде Өзбекстан азаматы ас үйде де, сауда орнында да жұмыс істегені анықталды. Оның Қазақстан Республикасында еңбек етуге рұқсаты болмаған. Ал осында аспаз болып еңбек еткен оның отандасының тек жеке тұлғаға жұмысқа орналасуға құқы болған. Шетелдік азаматтар да, оларды жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: СҚО ПД

Жыл басынан бері 308 шетелдік заңсыз жұмыс істегені үшін, тағы 85 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен 52 шетелдік Қазақстан Республикасынан тысқары шығарылды.

Бұған дейін кабинетін шетелдік жұмысшыларға жөндетті деп айыпталған полиция қызметкері кінәсін мойындамағанын жазған едік.