СҚО-да жыл басынан бері 529 ірі қарадан бруцеллез анықталды

Фото: Фото: pixabay

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 529 ірі қара малда бруцеллез ауруы анықталса, соның 91% шаруашылықтарға тиесілі.

СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыста ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша есеп берді. Ветеринарлар жануарлар мен құстардың аса қауіпті 10 ауруына, энзоотиялық 3 ауруға қарсы профилактикалық вакцина егсе, 5 ауруға диагностикалық, 2 ауруға аллергиялық зерттеу, 1 ауру бойынша дегельминтизация жүргізген.

«Жалпы 3 млн-ға жуық манипуляция жасалды. Бұл жұмыс мал-құста түрлі ауруларға қарсы иммунитет қалыптасуы үшін атқарылады. Десек те, биыл зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша 6 ауданның 16 елді мекенінде бруцеллезбен ауырған 529 ірі қара мал анықталды, оның ішінде 483 бас немесе 91% ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі болса, қалған 46 ірі қара мал ауыл тұрғындарыныкі», - дейді Олжас Болыспаев.

Биыл Қызылжар ауданының Прибрежное және 2603 км аялдама пункті деп аталатын елді мекендерде, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Старобелка елді мекенінде құтырма ауруы тіркелді

«Сондай-ақ, Уәлиханов ауданы Телжан ауылында жылқы ринопневмониясы және жылқы тұмауы анықталды.

Арнайы сауықтыру іс-шаралары кешенінен кейін шектеулер 4 қолайсыз пункттен алынып тасталды, олар: Тимирязев ауданы Докучаево ауылындағы «Атамекен-Агро-Тимирязево» ЖШС бруцеллез бойынша, құтырма бойынша Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылы мен 2603 км аялдама пунктінен және Уәлиханов ауданы Телжан ауылынан жылқы тұмауы бойынша.

Қазіргі уақытта Старобелка ауылынан құтырма бойынша және Уәлиханов ауданы Телжан ауылынан жылқы ринопневмониясына қатысты шектеуді алу мәселесі шешіліп жатыр», - дейді Олжас Болыспаев.

Бұған дейін екі ауданға 17 млн теңгеге мал қорымын салуы тиіс болған кәсіпкердің 12 жылдан соң ұсталғанын жазған едік.