СҚО-да жыл басынан бері 750 жұп некесін тіркеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында некеге отырудан Петропавл қаласы және Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Тайынша аудандары көш бастап тұр.

Фото: "Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы СҚОФ

Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының СҚО филиалының мәліметінше, былтыр 4 675 неке тіркелген.

- Жастар әдемі әрі есте қаларлық күндерді таңдауға ерекше мән береді. Биыл жас жұбайлардың қызығушылығын тудырған ерекше күндердің бірі - 2026 жылдың 26 маусымы, яғни 26.06.26. Қазірдің өзінде бұл күнге өтініш берген жұптар саны артып келеді, - дейді филиалдың PR-менеджері Анара Кусанова.

Фото: "Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы СҚОФ

Мамандардың айтуынша, неке қиюға өтініш жоспарланған күннен кемінде 15 күн бұрын берілуі тиіс. Өтінішті АХАТ бөлімдері арқылы, электрондық үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қалдыруға болады. Алайда онлайн қызмет тек Қазақстан азаматтарына қолжетімді, ал АХАТ бөлімдері арқылы барлық азаматтар өтініш бере алады.

- Бұдан бөлек, азаматтар неке қию рәсімін салтанатты форматта өткізу үшін ақылы қызметке де өтініш бере алады. Бұл мүмкіндік АХАТ бөлімдерінде, «ХҚКО» мобильді қосымшасы мен электрондық үкімет порталында қолжетімді, - дейді Анара Кусанова.

Сондай-ақ былтыр СҚО-да 4 684 сәби өмірге келсе, биыл жыл басынан бері 1 389 нәресте туған.

Бұған дейін Алматыда күніне 70 жұп неке қиятынын жазған едік.