СҚО-да жыл басынан бері интернет алаяқтықтың 110 дерегі тіркелді

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен кездесіп, интернет алаяқтыққа қатысты жаңа қауіп туралы ескертті. 

Өткен жылдың қыркүйегінен бастап дропперлік үшін, яғни интернет алаяқтарға жәбірленушілерден алынған ақшаны аударуға көмектескендерге қылмыстық жауапкершілік бар.

СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, адам еріксіз дропперге айналуы мүмкін.

Қылмыскерлер кез келген адамның шотына ірі сомада ақша аударып, кейін оны қателесіп жібергенін айтып, қаражатты басқа банк картасына қайта аударуды сұрайды. Мұндай талапты орындауға болмайды. Бейтаныс адамның өтінішін орындау арқылы сіз қылмысқа қатысушы болып шыға келесіз.

Мұндай жағдайда банкке өтініш беріп, қаражаттың белгісіз нөмірден және белгісіз мақсатпен түскенін, оны пайдаланбайтыныңызды айтып, ақшаны жіберушіге қайтаруды сұрауыңыз қажет.

Ақшаны жіберген адам, бәлкім, кибералаяқтардың құрбаны болған азамат болуы мүмкін. Сондай-ақ мұндай күтпеген ақша аударымдары туралы полицияға да хабарлау керек.

Осы тақырыпта Мемлекеттік кірістер департаментінде өткен кездесуге бейнеконференция арқылы ведомствоның барлық қызметкерлері тыңдады, жедел уәкілдер киберқылмыстың өзге түрлері туралы да айтып берді.

Жыл басынан бері СҚО-да интернет-алаяқтықтың 110 фактісі тіркелді. Оның 31-інде жеке кәсіпорындардың қызметкерлері жәбірленуші болған. Сондай-ақ зардап шеккендердің қатарында 21 зейнеткер, білім саласының 13 қызметкері мен студенттер бар.

Бұған дейін 2025 жылы алаяқтар қазақстандықтарға 84,5 млн рет қоңырау шалғанын жазған едік.