СҚО-да жылу және электр желілерін жаңғыртып, сапаны жақсарту мақсатында 12 жоба жүзеге асады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жылу және электр желілерін жөндеуге және жаңартуға 5,9 млрд теңге бөлінді.

Фото: freepik

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әлішер Беспаевтың айтуынша, өңірде жылу желілері бойынша 4 жоба, ал электр желілері бойынша 8 жоба қолға алынады. Қазір Петропавл қаласында №2 жылу магистралінің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген.

Сондай-ақ Тайынша қаласында, Новоишимское және Талшық ауылдарында жылу желілерінің құрылысы басталған. Облыстық бюджеттен бұл жобаларға 764 млн теңге бөлінді. Жұмыс жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.

- Үш ауданда электр желілерін салуға 291 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Ақжар және Уәлиханов аудандарында резервтік ВЛ-110 кВ электр желісін салу жобасы басталды. Жобаның жалпы құны 8,1 млрд теңге. Биыл 1,1 млрд теңгесі бөлінді.

Десек те, жылу желісіне қатысты жобаларды аяқтауға қосымша 1,7 млрд теңге, ал электрмен жабдықтау жобаларын толық жүзеге асыруға 1,5 млрд теңге қажет, - дейді Әлішер Беспаев.

Басқарма басшысының айтуынша, Ұлттық жоба аясында осы жылы жылумен жабдықтауға қатысты жалпы құны 5,3 млрд теңге болатын бес жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Қазіргі уақытта өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл мақсатқа барлық қаржыландыру көздерінен шамамен 70 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 млрд теңгеге артық. Оның ішінде 26 млрд теңге - жеке инвестициялар.

- Жаңа жылыту маусымына өңірдегі 500-ден астам қазандықты, 542 білім беру нысанын, 365 денсаулық сақтау мекемесін, 165 мәдениет нысанын және 1449 көпқабатты тұрғын үйді дайындау қажет. Жоспарланған жұмыс уақытылы орындалып, 15 қыркүйекке дейін дайындық паспорттары алынуы тиіс. Сонымен қатар жергілікті жерлерде жедел штабтар құру керек. – деді Әлішер Беспаев.

Петропавлда мұндай штаб құрылған. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, штабта коммуналдық қызметтердің, әлеуметтік нысандардың және тұрғын үй қорының алдағы жылыту маусымына дайындығы және туындаған мәселелер қаралады.

- Петропавлда 1234 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 1188-і орталық жылыту жүйесіне қосылған. Бұл үйлердің тек 759-ында ғана пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігі бар. 28 тұрғын үй апатты деп танылған, - дейді Петропавл әкімі.

Бұған дейін Үкімет Абай облысының жылу желілерін жылыту маусымына дайындауға 2,5 млрд теңге бөлгенін жазған едік.