СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 мамыр күні Қызылжар аудандық полиция бөліміне «Крахмал-Агро» ЖШС бригадирі хабарласып, сенбі күні Шаховское ауылынан 10 км жердегі жайылымнан 310 бас қойдың жоғалғаны туралы айтады. Оқиға орнына шұғыл жедел-тергеу тобы барды.
Материалдарды жинау барысында бақташының түстен кейін ұйықтап қалып, қойдың жоғалғаны белгілі болды. Бір отар қойды орнынан таппаған ауыл тұрғын алдымен өзі іздеген. Тек екі тәулік өткеннен кейін ғана қойдың жоғалғаны туралы басшылығына айтқан. Кәсіпкер жоғалған малдың құнын 7 млн 750 мың теңгеге бағалады.
Полицейлер 310 қойды иісшіл иттермен, квадрокоптерді пайдаланып іздеді. Оларға әріптестері - Аққайың, Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімдерінің және «Крахмал-Агро» ЖШС қызметкерлері және жақын маңдағы елдімекендердің адамдары көмекке келді.
Тәртіп сақшыларына Аққайың ауданы Григорьевка елді мекені маңында ұсақ малдың ізін көргендер хабарласып, ауылға Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Арман Жетеповтің жетекшілігімен жедел-тергеу тобы аттанды. Нәтижесінде жоғалған қой орманнан табылды.
Қой Шаховское ауылынан 50 шақырымға ұзап кеткен. Бұған дейін «Мал ұрлау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.