СҚО-да жол-көлік апатында 2 адам қаза болды

ПЕТРОПАВЛ. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Өткен демалыста Солтүстік Қазақстан облысының Мәмлүк ауданында жол-көлік апаты орын алды.

Салдарынан екі жолаушы көз жұмды, тағы екі адам мен жүргізуші ауруханаға жеткізілді, деп хабарланды СҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Жол-көлік апаты шамамен түнгі сағат 4-те аудан орталығына кіреберіс жолда болды. Тергеушілердің жасаған алдын ала болжамы бойынша, ішімдіктің әсерінде болған «Мерседес» көлігінің 24 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, діңгекке соғылды. Мамлютка қаласында тұратын 19 және 27 жастағы жолаушылар оқиға орнында қаза болды.