СҚО-да жол қозғалысын «Кибер-шериф» бақылайды

Солтүстік Қазақстан облысында полицияның патрульдік көліктеріне «Кибершериф» атты жаңа қондырғы орнатылып жатыр. Автоматты түрде жұмыс істейтін кешен жол полицейлерінің «қолын ұзартты», деп хабарлайды Kazinform.

Фото - СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Кибер-шериф» қондырғысы әзірге екі патрульдік полиция көлігіне орнатылды. Әр кешенде 8 бейнекамера бар. Шолу аумағы 360 градус, сонымен қатар көлік салонында болып жатқанның барлығын аудио және бейне жазбаға түсіріп алуға қауқарлы.

Фото - СҚО ПД баспасөз қызметі

 

Кешен жылдамдықты арттыру, жолдың қарсы бетіне шығып кету, қаланың ішінде белгіленбеген жерге көлікті қаңтарып қою сияқты заңбұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кешеннің жұмысына араласпайды, бірақ камералар жұмысының барлық нәтижесі олардың планшеттеріне келіп түседі.

"Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қолданысына «Кибер-шериф» деп аталатын екі мобильдік аппараттық-бағдарламалық кешен берілді. Жаңашылдық біздің техникалық мүмкіндігімізді арттырды. Олардың көмегімен жылдамдық режимін және басқа да заңбұзушылықтарды тіркеуге болады.

Мәселен іздеуде жүрген көлік құралдарын, құқық бұзушылықтарды полиция қызметкерінің қатысуынсыз автоматты түрде тіркейді.

«Кибер-шерифтің» басты ерекшелігі – оқылмайтын, көрінбейтін мемлекеттік нөмірлерді қашықтықтан танып, ұрланған көліктерді немесе қашып жүрген борышкерлерді анықтайды. Сондай-ақ кешен қарсы келе жатқан машиналарда сақтандыру полисінің және техникалық байқаудың өтуі туралы куәліктің бар-жоғын автоматты түрде көрсетеді», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Мамандардың айтуынша, заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін бейнебақылау жүйелері өз тиімділігін көрсетті. Интеллектуалдық камералар орналасқан жердегі көше қиылыстарында бірде-бір ауыр жол-көлік оқиғасы болмаған. Жыл басынан облыста автоматтандырылған жүйелер жол жүрісі қағидаларын бұзудың 76 мыңнан астам дерегін анықтады.