СҚО-да жол жөндеуге қаржыны көбейтеді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылға қарай орташа және жақсы деңгейдегі жергілікті жолдардың жағдайын 58%-дан 73%-ға дейін арттыру көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың үшжылдық кешенді жоспарына сәйкес, 2019-2021 жылдары облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен 47,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат 1699 шақырым жергілікті маңызы бар жолды жөндеуге мүмкіндік береді.

«Экономика жұмыс істеу үшін жол, жақсы көлік инфрақұрылымы қажет. Бізде орташа және жақсы деңгейдегі жолдардың үлесі - 58%, еліміз бойынша - 62%. Үкімет сәйкес шешім қабылдады. Салыстырмалы түрде биыл республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінсе, болашақта 17 миллиард теңге аламыз. Жергілікті бюджеттен де қаржы қосатын боламыз», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.