Маңғыстауда жол апатынан екі адам қайтыс болды

Фото: pixabay

АҚТАУ. KAZINFORM - Жаңаөзен қаласында кен орны аумағында қатты жылдамдықпен жүрген жеңіл көлік жолда аударылып, екі адам бақилық болды.

Қайғылы оқиға демалыс күні қала іргесінде тіркелген. Лексус көлігінің салонында үш адам болған. Жолдан көлік шыққан сәтте аударылып, салдарынан екі адамның өмірі үзілді.

Оқиға куәгерлері бірден жедел жәрдем қызметін шақырған. Сондай-ақ, жол апатына басқа көліктердің қатысы болмаған.

«Бір адам оқиға орнында өмірден өтсе, екінші адам ауруханаға жетпей жан тапсырды. Тірі қалған үшінші адам қазір емделіп жатыр», - деп жазылған Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметте.

Осыдан бір ай бұрын Маңғыстауда жол апатынан екі адам қаза тапқан еді.