Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жоңышқадан жем өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Salar Farm» ЖШС тарапынан «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Кәсіпорынды 2026 жылдың көктемінде іске қосу жоспарланған. Зауытта жоңышқаны өңдеудің толық технологиялық тізбегі енгізіледі: шөпті жасанды кептіру, престеу және түйіршіктеу.
— Жоңышқаның басты артықшылығы — құрамындағы ақуыз бен протеиннің жоғары болуы. Бұл — премиум санаттағы жем, біз оны Қытай мен БАӘ-ге экспорттауды жоспарлап отырмыз. Жоңышқаны өзіміздің суармалы алқаптарымызда өсіреміз, — деп атап өтті компания директоры Арман Уатаев.
Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 60 мың тонна дайын өнімді құрайды. Барлық процесс барынша автоматтандырылады.
Жобаның жалпы құны — шамамен 5 млрд теңге.