СҚО-да ЖРВИ бойынша аурушаңдықтың беті қайтты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлық вирустық инфекция бойынша аурушаңдық шарықтау шегінен өтті. Өткен аптада 686 сырқат дәрігердің көмегіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырудың 25 237 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 41 %-ға артық.

Десек те, соңғы бір аптада ЖРВИ бойынша дәрігерлерге көрінушілер саны кеміген. Яғни, вирус таралуы бойынша шарықтау шегінен өтті. Өткен 7 күнде 686 адамға ЖРВИ диагнозы қойылған, бұл оның алдындағы аптадан 41 %-ға төмен. 6 сырқат ауруханаға жатқызылды.

Сырқаттанғандардың жартысына жуығы, 307 адам – 14 жасқа дейінгі балалар, 123-і – 15-29 жастағылар, 151-і – 30-64 жастағы адамдар болса, 105-і 65 жастан жоғары егде жастағылар.

«Былтыр эпидемиологиялық маусымда тұмау жұқтыру жағдайы тіркелмеді. Биыл қауіпті дертпен ауырған 35 адам анықталды. Олардың барлығында А типті тұмау. Аурудың беті қайтып келеді. Десек те сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Санитариялық-гигиеналық талаптарды ұстанып, адам көп жүретін жерлерге бармаған жөн», - дейді санитар дәрігерлер.