СҚО-да ЖРВИ-ге байланысты емханалардың жұмыс уақыты ұзарды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Эпидемиологиялық маусым басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлы вирусты инфекцияны жұқтырудың (ЖРВИ) 17 416 оқиғасы тіркелді. Бұл туралы өңірдегі тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі департемент мәліметінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вирустық инфекцияларға шалдығудың көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 3 057,6 деңгейін құрады, бұл өз кезегінде өткен жылдың кезеңінен 66,02 пайызға жоғары болды. Көбінесе, 14 жасқа дейінгі балалар ауырады, осы орайда 10 964 жағдай тіркелді.

Атап айтқанда, бір аптада ЖРВИ диагнозымен 133 адам ауруханаға жатқызылды, оның 9-ы жүкті әйелдер және 14-і 1 жасқа дейінгі балалар.

Жалпы облыста тұмауға қарсы 60 928 адамға немесе жалпы тұрғындардың 10,7 пайызына екпе жасалған.

Департамент мәліметіне қарағанда, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауырғандардың санының артуына байланысты денсаулық сақтау, білім беру басқармаларына санитарлық-профилактикалық шаралар жүргізуге қатысты тиісті қаулылар шығарылды.

Осы орайда мектептерде алдын алу шараларын енгізуге нұсқау берілді. Бұл бағытта бұқаралық шараларды шектеу, сыныптарды желдету үшін сабақ үзілістерінің уақытын ұзарту, дезинфекциялық режімді күшейту, тағамдардың дәрумендік құрамын бақылау, сондай-ақ басқа да жұмыстар қамтылған.

Қазіргі кезде облыстағы медициналық ұйымдарда тиісті шаралар ұйымдастырылып, емханалардың жұмысы сағат 20:00-ге дейін ұзартылды. Мұнымен қоса, телефон арқылы кеңестер жүргізілуде. ЖРВИ-ге шалдыққандарды қабылдау үшін қосымша бөлмелер жасақталып, үйлерде балалар мен жүкті әйелдердің жағдайын медициналық бақылау ұйымдастырылды.