СҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар көбейді: дәрігерлер нені ескертеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 1,5 айдың ішінде 17,5 мыңнан астам адам жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырды.

Фото: Астана әкімдігі

Сырқаттанғандар саны артқан. СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бұған дейін 2,5 мың адамға ЖРВИ диагнозы қойылса, өткен аптада 3226 адам дәрігерге қаралған. Әзірге өңірде тұмау анықталған жоқ.

Облыста 1 қазаннан бастап жаңа эпидемиологиялық маусым басталды.

Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта ЖРВИ мен тұмауға қатысты жағдай тұрақты. Дегенмен ауру жұқтырғандар санының артуына байланысты тұрғындар сақтық шараларын ұмытпағаны жөн.

Тұмаудың алдын алу үшін өңірде 6 қазаннан бастап халықты иммундау науқаны басталды. Қауіп тобына жататын тұрғындарға ресейлік «Гриппол Плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынған. Қазірдің өзінде 50,5 мың адамға екпе қойылды.

Тегін вакцинация тіркелген емханаларда жүргізіледі. Екпе алдымен медицина қызметкерлеріне, диспансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйлері мен қарттар үйіндегі тәрбиеленушілерге ұсынылады. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар адамдар, жүкті әйелдер, егде жастағы тұрғындар, мектеп оқушылары және басқа да эпидемиологиялық қауіп тобына кіретін азаматтар қамтылады.

Мамандар ЖРВИ мен тұмаудың негізгі белгілері - дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, жалпы әлсіреу, тамақтың ауыруы және мұрынның бітелуі байқалған жағдайда дәрігерге қаралуға кеңес береді. Ауру асқынған жағдайда өкпе қабынуы сияқты қауіпті салдарға әкелуі мүмкін.

Ал, жұқпалы аурулардан қорғану үшін дәрігерлер бөлмені жиі желдетіп, қолды мұқият жуу, адам көп жиналатын орындарда маска тағу қажеттігін еске салды. Бұған қоса, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау және дене белсенділігін сақтау да ағзаның қорғаныс қабілетін нығайтуға көмектеседі.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бері 9 062 адамның ЖРВИ жұқтырғанын жазған едік.