СҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны былтырғымен салыстырғанда 10%-ға көп

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жаңа эпидемиологиялық маусым басталғалы бері жіті респираторлық вирустық инфекцияны 3 356 адам жұқтырды.

Фото: Kazinform

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2% көп.

- Қазіргі уақытта облыстағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ жұқтырғандар санының өскені байқалады. Ал тұмаумен ауыру әзірге тіркелген жоқ, - деді Әсет Жұматаев.

Облыста 6 қазаннан бастап халықты тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды. Осы мақсатта Ресейде өндірілген «Гриппол Плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынған.

- Вакцина ең алдымен инфекция жұқтыру қаупі жоғары топтарға салынады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлері мен қарттар үйлерінің тәрбиеленушілері және тұрғындары бар. Сондай-ақ созылмалы аурулары бар адамдар, жүкті әйелдер, мектеп оқушылары, егде жастағы азаматтар вакцинациялауға жататын топтарға кіреді. Тұмауға қарсы екпе бұл адамдарға тіркелген емханада тегін салынады. Қазіргі уақытта облыста қауіп тобына жататын 6 675 адам вакцина алды, - деді Әсет Жұматаев.

Маманның айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, шаршау, тамақтың ауыруы және мұрынның бітелуі жатады. Мұндайда сырқат өздігінен емделмей, медициналық көмекке жүгінуі тиіс. Қажет болған жағдайда дәрігерді үйге шақырған жөн. ЖРВИ мен тұмау асқынған жағдайда пневмония сияқты қауіпті ауруларға әкелуі мүмкін

Ауру белгілері бар балаларды балабақшаға немесе мектепке жіберуге болмайды. Бұл инфекцияның басқа балаларға таралу қаупін азайтады.

Ал аурудың алдын алу үшін бөлмелерді күнделікті желдетіп, қолды сабындап жиі жуған жөн. Адам көп жиналатын орындарға баруды шектеп, қажет болған жағдайда медициналық маска қолданған жөн. Сонымен қатар дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау және дене белсенділігін сақтау ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға көмектеспек.

Бұған дейін сыныпта қанша оқушы ЖРВИ жұқтырса, қашықтан оқытуға көшетінін жазған едік.