СҚО-да жүк тасымалдаушылар «Бидайық» өткізу пунктінде электронды кезек енгізілуіне қарсы

Фото: Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасына Ақжар және Уәлиханов аудандарының жүк тасымалдаушылары шағымданды.  Кәсіпкерлер «Бидайық» автомобильдерді өткізу пунктінде электрондық кезектің енгізілуге қарсы. Мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды, деп хабарлайды Kazinform. 

Бұған дейін «Бидайық» автомобильдерді өткізу пунктінде CarGoRuqsat электронды кезегі іске қосылғанын айтқан едік. Пилоттық жоба Ресеймен шекарада көліктердің бір уақытта жиналып, кептелісін болдырмау, осылайша жұрттың уақытын үнемдеу мақсатында енгізілген. 

Алайда бұл жаңашылдық жүк тасымалдаушыларының көңілінен шықпады.

«Тасымалдаушылар осы пилоттық жоба енгізілгелі шекарадан өтуде қиындық пайда болғанын айтып отыр. Өз кезегін брондау үшін сайтта тіркелу керек, жүргізуші мен көлік туралы мәліметтерді енгізу, шекарадан өтудің қолайлы күнін таңдау қажеттілігі туындады. Алайда Ақжар мен Уәлиханов аудандарында интернет нашар. Сондай-ақ тасымалдаушылар атап өткендей, бұл өткізу пунктінде кептеліс болған емес, мұнда көлік өте аз жүреді», – дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Айдос Кеңбейілов.

СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, «Бидайық» өткізу пунктінде көлік аз өтеді. Сол себепті пилоттық жобаның артықшылығын, жетілдіретін тұстарын байқау үшін таңдап алынған.

«Шын мәнінде, бұл пилоттық жоба Өзбекстанмен, Қытаймен шекараларда іске қосылған, қалыпты жұмыс істеп тұр. Интернетке келетін болсақ, сіз кезекке кем дегенде бір ай немесе бірнеше күн бұрын үйден немесе кез келген жерден тапсырыс бере аласыз. Салық есептілігін тасымалдаушылар онлайн тапсырады ғой, сондай-ақ кезекке де кез келген күні белгілі бір уақытқа тапсырыс беруге болады. Электрондық кезек бір тәулік бойы күшін жоғалтпайды», - деді СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Дамир Нұрғалиев.

Тасымалдаушылар мұнымен келіспейді. Тапсырыс кез келген уақытта түсіп, жүкті жедел түрде апару қажеттігі туады. Сондықтан алдын ала жоспарлау мүмкін емес. Бұдан басқа, тасымалдаушылар үшін электрондық кезектің енгізілуімен шекараны бір кесіп өткені үшін 1 АЕК мөлшерінде жаңа төлем пайда болады. Ол келер жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енбек.

«Уәлиханов ауданында 200 тасымалдаушы-жеке кәсіпкер бар. Біз Ресеймен 200 км шегінде жұмыс істейміз. Яғни шекарадан күніне 1-2 рет өтеміз, яғни көрші ауыл барған сияқты. Пилоттық жоба айына бір немесе екі рет шекарадан өтетін халықаралық тасымалдаушылар үшін қолайлы деп санаймыз. Олар бір рет шекарадан өтіп, млн теңге табады. Ал біз осы соманың жартысын табу үшін 20 рет баруымыз керек. 1 қаңтардан бастап жол жүру ақылы болады – шекарадан бір өту үшін 1 АЕК төлеу қажет. Табысы 1 млн теңгеден асатын жүк көлігі бір рет өтіп, 3450 теңге төлейді, ал біз 20 рет өтіп, 69 мың теңге төлеуіміз керек. Кімге? Не үшін? Өзіміздің мемлекеттік шекараны кесіп өткеніміз үшін ақы төлеуді кім ойлап тапты?» - деп жеке кәсіпкер Ақылбай Ибрагимов ренішін білдірді.

Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, «CarGoRuqsat» бойынша түскен төлем шекараның инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ. Бірақ бұл төлем Салық кодексінде көрсетілмеген. Жаңа төлем және оның мөлшері жазылған нормативтік актіге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент өкілдері де қызығушылық танытты.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта «Бидайық» шекара бекеті арқылы күніне орта есеппен 20-30 машина өтеді. Оның айтуынша, кезекті брондау кезінде ешқандай проблема жоқ, 5 минут ішінде «орын алуға» болады. Ал нашар интернет мәселесін шешу үшін қосымша Wi-Fi маршрутизаторлары сатып алынған.

Тасымалдаушылардың өтініштерін қарау барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері екі маңызды проблеманы анықтады. Біріншісі - осы пилоттық жобаның орындалуын қамтамасыз ететін тиісті инфрақұрылымның жоқтығы: техникалық дайындықтың әлсіздігі, интернеттің нашар ұстауы, тасымалдаушылардың электрондық брондау туралы хабардар болмауы, оператор арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы кезекті брондау баламасының болмауы.

Екінші мәселе – мемлекеттік шекарадан өту үшін ақы алу және оның заңдылығы. Осы мәселелердің барлығын уәкілетті органдар қысқа мерзімде қарап, анықтау керек. Нәтижесінде электрондық кезекті енгізу қажет. Бірақ алдымен мемлекеттік органдар осы жобаны іске асырмас бұрын оған қажетті жағдай жасауы керек деген қорытындыға келді.