СҚО-да «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан келген отбасылар баспанаға ие бола бастады

None
ПЕТРОПАВЛ. 31 шілде. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші - «Еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру» бағыты бойынша экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан келген отбасылар баспанаға ие бола бастады.

Тайынша ауданының орталығы Тайынша қаласында пайдалануға берілген 4 пәтерлі үйге 8 отбасы қоныстанды.

Жарқайың, Қазақша, Глубокое, Мирное және Кеңес ауылдарының отбасылары пәтерге бірінші қол жеткізгендердің қатарында болды.

Мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағыты аясында аудан мамандары қоныс аударушыларға жұмысқа орналасуға көмектеседі. Сондай-ақ оларға көшуге субсидия төленетін болады.

Тайыншыа ауданындағы жұмыспен қамту орталығының директоры Сәуле Жәкенованың сөзіне қарағанда, мемлекеттік бағдарламаға тұрмысы нашар отбасылар, оралмандар, жұмыссыз жүргендер мен өз ісімен шұғылданатын адамдар қатыса алады. Биыл аталмыш бағдарламаның үшінші бағыты бойынша қатысуға ауданда 39 отбасы өтініш берді.

Экономикалық даму әлеуеті төмен 13 ауылдың тұрғындары бағдарламаның қатысушылары атанады.

Аудан әкімінен жаңа баспананың кілтін алған қоныс аударушыларға облыс әкімі Серік Білялов цифрлы ұлттық телеарнаның кешенді жабдығын сыйға тартты.