СҚО-да жүзігін өзі шеше алмаған әйел құтқарушылардан көмек сұрады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында аллергияның салдарынан ісініп кеткен әйел өздігінен сақинасын шеше алмай, құтқарушылардың көмегіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 ақпан күні сағат 13.43-те құтқару қызметіне көмек сұраған әйел хабарласқан. Айтуынша денесі ісініп, саусағындағы сақинасы шешілмей қалған.

Құтқарушылар келгенше дейін сақинаны өздігінен шешуге әрекеттенгенімен онысынан түк шықпаған. Аллергияның салдарынан денесі ісініп, сақина қысқандықтан саусағы қызарып кеткен.

Оқиға орнына келген құтқарушылар алтын сақинаны арнайы қысқышпен кесіп алды. Әйелге медициналық көмектің қажеті болмады.

«Осыдан бір күн бұрын ғана тағы бір қызға сақинасын шешуге көмектестік. Ол да саусағы ісіп, өздігінен шеше алмаған. Жалпы зергерлік бұйымдарды таңдағанда абай болыңыз. Саусаққа шақ етіп таңдаңыз және ұзақ уақыт тақпаңыз», - дейді құтқарушылар.