Зардап шеккен әйел мәселемен облыстық мәслихат депутаттарына келді. Тұрғынның айтуынша, ол Жұмысшы кентінде тұрады. Көзі нашар көргендіктен бірінші топ мүгедектігі бар. Сол күні кешқұрым қоқыс төгу үшін далаға шыққан. Контейнерлердің қасында жүрген иесіз иттердің бірі бас салып, талаған.
«Қазір күнде емханаға барып жарақатты таңдыруға және құтырмаға қарсы екпе алуға мәжбүрмін. Ит қапқаннан кейін оқиға орнына жедел жәрдем қызметі мен полицейлерді шақырдым. Алайда тәртіп сақшылары ит иесіз болғандықтан «бізден қайран жоқ» деп кетіп қалды», - дейді зардап шеккен тұрғын.
Бүгінде бойын қорқыныш билеген әйел далаға шығудан қалған.
«Кездесуге қаңғырған ит мәселесі бойынша екі тұрғын келіп отыр. Бұдан басқа тек бүгін телефон арқылы тағы 6 адам хабарласты. Бәрі де иесіз қалған иттердің көбейіп кеткенін, әсіресе балалар үшін қорқатындықтарын айтуда.
Жеке сектордағы үйлер бұзылып, тұрғындары көшкенде иттерін қалдырып кетті. Енді олар тамақ табу үшін көше кезіп кетті. Қазір бұл үлкен мәселеге айналып отыр.
Бұл мәселені шешу өте қиын. Өйткені биыл наурызда қабылданған заң бізге пәрменді шаралар қолдануға мүмкіндік бермей отыр», - дейді облыстық мәслихат депутаты Юлия Пронина.
Депутаттың айтуынша, қаңғырған итті ұстап, чип және екпелерді салып, стерильдеп қайта бостандыққа жіберу қажет. Бір итті процедурадан өткізу үшін 10 күн және 70 мың теңге қаражат қажет. Осы мақсатқа биыл бюджеттен 53 млн астам теңге бөлінген.
Қазір облыста ит-мысыққа арналған үш жекеменшік панажай бар. Олардың бәрі бүгінде толық.
«Бұл мәселемен күресу үшін тұрғындар ит-мысықтарын қаңғыртып жіберуді қоюлары қажет.
Қазір қалалықтар иесіз итпен күресу үшін 109 нөміріне - анықтама-диспетчерлік қызметке хабарласады. Олар қалалық ветеринарлық станцияға өтінім қалдырады. Мамандар оқиға орнына барғанымен ештеңе істей алмайды. Уақытша ұстау орындары толық. Кейде тіпті, ұстаған иттерді жануарларды қорғаушылар айқай-шумен шығартып жібереді», - дейді Юлия Пронина.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе республика деңгейінде қаралуы тиіс. Сондықтан Парламентке ақпарат дайындалып, жаңа заң мен қазіргі проблема диссонансын жою үшін жіберілмек.