СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ. Былтыр осы аралықта 2 жол-көлік оқиғасы болып, екі адам зардап шеккен еді.
«Дүйсенбі 14 ақпаннан бастап облысымызда «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Басты міндет - балалардың жол-көлік оқиғасына тап боолуының және соның салдарынан жарақат алуының алдын алу. Патрульдер негізінен оқу орындары маңында жұмыс істейді. Әкімшілік полиция қызметкерлері оқу орындары мен жаяу жүргіншілер өткелдері маңындағы жол-көше желілеріне мониторингті күшейтеді. Мектептер мен мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде профилактикалық жұмыс жандандырылады; инспекторлар онлайн және офлайн режимдерде дәріс өткізеді, тақырыптық буклеттер мен жадынамалар таратады. Сонымен қатар мектеп автобустарының жағдайы тексеріледі», - дейді СҚО ПД ЖПҚБ бастығы Айдын Байматов.
Жыл басынан СҚО-да 15 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 6 адам қаза тауып, 20 адам жарақат алған.