СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тимирязев елдімекенінде көшелердің бірінен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «ВАЗ 2106» автомашинасын байқайды. Оның иесін тәртіп сақшылары екі ай бұрын ғана көлікті мас жүргізгені үшін ұстап, сот 7 жылға көлік басқару құқығынан айырды.
Полицейлер көлікті тоқтатты. Рөлде көлік иесі - жүргізу құқығы жоқ 38 жастағы ауыл тұрғыны болған. Ер адамнан алкогольдің иісі шыққан. Медициналық куәландыру оның орташа деңгейде мас екендігін көрсетті.
Аталған факті «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалып, автомобиль айып тұрағына қойылды.
Ұсталған ер адамның айтуынша, көлігін сату үшін оның жағдайын тексермекші болған.
«Жыл басынан мас жүргізушілердің кінәсінен 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапты және 32-сі жарақат алды. Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұндай көлік жүргізушілеріне, әсіресе, біле тұра, құқық бұзушылыққа қайта барған автомобилистерге қатысты заң бойынша қатаң шаралар қарастырылған», - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.