СҚО-дағы Ақжар ауданында ағын су жолды шайып кетті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы жолдардың бірі ағын судың бұзып өтуіне байланысты уақытша жабылды.

Фото: видеодан алынған скрин

Куәгер түсірген бейнежазбадан жол үстінде ор пайда болғанын көруге болады. Оның айтуынша, алқаптан келген қар суы бұл жерде болған көпірді шайып кеткен.

Жоспар бойынша жөндеу жұмысы бүгін, 30 наурыз күні сағат 22:00–ге дейін аяқталмақ.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жол учаскесінде көлік қозғалысы уақытша шектелді. Екі жақтан патрульдік полиция бекеттері қойылып, 4 қызметкер мен 2 патрульдік көлік кезекшілік атқарып жатыр.

Мамандардың түсіндіруінше, су тасқынына жер бедерінің ерекшелігі, ауа температурасының көтерілуі және Ақмола облысына қарасты көршілес аудандардан келген мол су себеп болған.

Бұған дейін осы Ақжар ауданында автожолдың учаскесін су басқанын жазған едік.