СҚО-дағы ауылда егеуқұйрық қаптап кетті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының тұрғындары егеуқұйрықтың көбейіп, пәтерге дейін кіріп кеткеніне шағымданды.
Әлеуметтік желіде тұрғындар оқиғаларын айтып берді. https://www.instagram.com/p/DRPCCj5DEdY/?img_index=7&igsh=MXZ4N2loNjY3NjF1NA== Айтуларынша, соңғы уақытта кеміргіштердің саны еселеп өскен. Кейбірі күніне 3-4-еуінің көзін жойғанымен, олар азаяр емес. Тіпті көпқабатты үйдегі пәтерлерге дейін кіріп, жұрттың мазасын алған.
- Қазір балаларды дәретханаға жалғыз жіберуге қорқамыз. Олар адамдарға да шабуылдайды ғой. Не істерімізді білмей отырмыз. Қауіпті кеміргіштердің көбеюіне қатты тұрмыстық қалдықтардың дер кезінде шығарылмауы себеп. Сондай-ақ бұралқы иттер мысықтарды қырып, қазір егеуқұйрық аулайтын мысық қалмаған, - дейді Бескөл тұрғындары.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары дератизация жұмыстарын тұрғындар өз қаражатына жүргізуі тиіс екенін айтты немесе бұл мәселемен мүлік иелері бірлестігі айналысуы керек.
- Кеміргіштер жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы. Үйлердің қабырғаларын тесіп, зақымдап, сымдарды кеміріп, азық-түлікті бүлдіреді. Олар адамдарға да шабуылдауы мүмкін. Тіпті лептоспироз, иерсиниоз, туляремия сияқты және т.б. қауіпті ауруларды да таратады, - дейді департамент қызметкерлері.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Алматыда кеміргіштермен күресу үшін 47 мың га астам жер қамтылатынын жазған едік.