СҚО-дағы Бескөл ауылында 109 үй су астында қалды

Фото: Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында тұрғындар арнайы қызметтермен бірге су тасқынымен күресіп жатыр. Арнасынан шығып тасыған Есіл өзені жан-жақтан қаумалап, елді мекенге кіріп жатыр. Таңертеңнен бері 109 үй су астында қалды. 

Бескөл ауылы тұрғындарының айтуынша, бүгін түнімен ұйқы болмай бөгеттерді нығайтқан. Алайда таңғы сағат 7.30 шамасында бөгет Жамбыл көшесі жағынан қатты ағын суға шыдас бермей бұзылып, су ауылға лап берген. Екі сағаттың ішінде бірнеше үй суға кетті.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Қазір тасқын сумен күреске төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы орган, әскери қызметшілер жұмылдырылған. Бескөл елді мекенінде Қарағанды мен Алматыдан көмекке арнайы келген мамандар жұмыс істеп жатыр. Мәселен бұл жерде Қарағанды қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен келген 40 адам тасқын сумен күресуде.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Оксана Голованова бүгін екінші күн көршілерімен бірге жұмыс істеп жатқан адамдарды тамақтандырып жатыр. 

«Бұл жерде 10-15 жақты көрші жиналып, әскери қызметшілерді, көмекке келген волонтерлерді тамақтандырып жатырмыз. Қанша адамды қамтығанымызды айта алмаймын. Өйткені күні бойы кезек-кезекпен тамақтандырып жатырмыз. Басқа адамдар да азық-түлік – картоп, макарон, түрлі жармалар әкеліп беріп жатыр, оны осы жерде пісіреміз. Кейбірі дайын тамақ әкеліп қалдырып жатыр. Мен осы ауылда туғанмын. 40 жылдың ішінде мұндай топан суды көрмеппін. Су үйге міне келіп тұр, бірақ мына жігіттер бар күшін салып жатыр. Басында қорықтым, жыладым, енді қазір ешқандай сезім қалмады. Бірліктің арқасында бұл қиындықты да жеңіп шығамыз. Бұл күндер де артта қалады», - дейді Оксана Голованова.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Көрші көшеде де тұрғындар сумен арпалысып жатыр. Айтуларынша, 2 сағаттың ішінде су деңгейі 7 см-ге көтерілген. Бірақ көпшілігі әлі де әліптің артын бағып, көшуге асығар емес. Мүмкін біздің үйге жете қоймас деген үміт бар. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Бескөл ауылында қазір бөтелкедегі су қат тауарға айналған. «Ника» аталған мына дүкенде нан сағат 15.00 кезінде бітіп қалған. Дүкеннің сатушысы Алена Городецкаяның айтуынша, таңғы сағат 9.00-де әдеттегідей 40 бөлке нан жеткізілген, кей тұрғындар 5-6 бөлкеден алған. Кешеден қалған тәтті нандар да сатылып кетіпті, сөреде тек бір пицца ғана қалған. Көрші «Колос» дүкенінде де нан жоқ. Сатушылардың айтуынша, ауылда азық-түлікке қатысты дүрбелең жоқ, нанды шеттен келіп жұмыс істеп жатқандарды тамақтандыру үшін әкетіп жатыр. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Қызылжар аудандық әкімдігінің мәліметінше, Бескөл ауылында 14 мыңнан астам тұрғын бар. 248 үй қауіпті аумақта орналасқан. Бұл үйлерде 689 адам тұрады, олардың 79-ы зейнеткер, 170-і бала. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Қазіргі таңда 109 үй су астында қалды. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы су қоймалары қаншалықты толғанын жазған едік.