СҚО-дағы демографиялық ахуал: туу көрсеткішінен өлім-жітім басым

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында биылғы тоғыз айдағы демографиялық көрсеткіш халық санының азайғанын көрсетіп отыр.

Коллаж: Midjourney

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша өңірде 510,2 мың адам тұрып жатыр. Қала мен ауылдық жерлердегі тұрғындардың үлесі тең.

Өңір туу көрсеткіші төмен облыстардың қатарында. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында СҚО-да 3 202 нәресте дүниеге келген. Оның 52% ұл бала, қалғаны қыздар.

Аудандар арасында бала туудан Ақжар, Уәлиханов және Шал ақын аудандары алда келеді. Керісінше, М. Жұмабаев, Аққайың ауданы және Ғ. Мүсірепов атындағы аудан көш соңында келеді.

Өңірдегі демографиялық ахуалға әсер етіп отырған негізгі мәселелердің бірі - өлім-жітім деңгейінің жоғарылығы. Биылғы тоғыз айда облыста 4 408 адам қайтыс болған.

Өлімнің негізгі себептерінің арасында қан айналымы жүйесі аурулары бірінші орында тұр. Олардың үлесі - 19%. Жүйке жүйесі ауруларынан қайтыс болғандардың үлесі 17% болса, тыныс алу органдары аурулары 15% үшінші орында тұр. Онкологиядан - 11%, ас қорыту органдарының ауруларынан 9,5% адам қайтыс болған.

Ал жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттану салдарынан болған өлім жағдайларының үлесі - 6% болса, қалған 22% басқа себептерге тиесілі.

Отбасылық-демографиялық көрсеткіштерге келсек, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында облыста 2 194 неке тіркелген. Осы кезеңде 1 088 отбасының ажырасқаны белгілі болды.

Бұған дейін Қазақстанда 40 жастан асқан әйелдердің бала туу көрсеткіші артқанын жазған едік.