СҚО-дағы елді мекенге бруцеллезге байланысты шектеу енгізілді

Фото: Фотоны ғалым Ғ. Әбсатиров ұсынған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Бірлік ауылында қара малдан бруцеллез анықталды. 

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, ауылда 58 қара малдан ауру анықталған. Барлық жұқтырған мал сойылды. Қазір елді мекенге шектеу шаралары енгізілген.

— Шектеу шаралары зертханалық нәтижелер қатарынан екі рет теріс көрсеткенде ғана және ауру мал тұрған қоралар толық дезинфекциядан өткенде ғана алынып тасталады. Оған дейін ірі қара малды және оның өнімдерін сатуға болмайды. Тек ауру малды ғана союға рұқсат беріледі, — дейді ветеринарлар.

Мамандардың айтуынша, инфекцияның таралуына ветеринарлық талаптардың орындалмауы, яғни түлікті ветеринарлық қызметті ескертпей, құжаттарынсыз әкелу себеп болуы мүмкін.

Қазір ошақ орнында республикалық эпизоотияға қарсы отряд жұмыс істеп, аумақты зарарсыздандырып жатыр.

Жалпы биыл СҚО-ның төрт ауданында бруцеллез ошағы анықталды. Ауырған 68 ірі қара малдың 58-і — Есіл ауданына, жетеуі — Қызылжар ауданына, екеуі — Ақжарға және біреуі Айыртау ауданына тиесілі.

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде өңірде 180 мал ауру жұқтырған.

Бұған дейін СҚО-да Прибрежное елді мекеніне кіретін жол жабылғанын жазған едік.