СҚО-дағы Қызыл Оба ескерткішінің толық бейнесі әлі ашылған жоқ – Жанат Баймүсенов

Фото: Фото: СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл оба» қорымы ата-бабаларымыздың бұған дейін ғылымға беймәлім, ірі мәдени-саяси және сакралды орталығы болуы мүмкін. 2019 жылы ашылған тарихи нысанды ғалымдар XIV ғасырдың екінші жартысына жатқызып, табылған мазарларда Жошы ханның ұрпағы жерленген болуы мүмкін деген пікірде. СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы ғылыми-зерттеу жұмысы және тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімінің меңгерушісі Жанат Баймүсенов осы ерекше археологиялық ескерткіш жайында тілші сұрағына жауап берді.

Фото: Ж. Баймүсеновтің жеке мұрағатынан

- Бұрын Солтүстік Қазақстан облысында орта ғасырға тән ескерткіштер жоқ деген пікір қалыптасты. «Қызыл оба» қорымы мұны теріске шығарып отыр. Алғаш рет бұл бірегей ескерткіш жайында қашан белгілі болды? 

- Солтүстік Қазақстанда «Алтын Орда» дәуіріне тиесілі көне қалалар, ортағасырлық сәулет өнерінің маңызды нысандары туралы деректер кеңес дәуіріне дейінгі кезеңде де айтылған. Алайда, түрлі себептерге байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қызыл оба туралы дерек белгілі ғалым Әлихан Бөкейхановтың «Ақмола уезінің Қоржынкөл болысындағы Сілеті өзені бойындағы обалардың тізімі» атты қысқаша жазбасында келтірілген. Онда Сілеті өзені аңғарында күйдірілген кірпіш ғимараттардың болғандығы айтылады. Кейінірек Әлкей Марғұланның «Орталық Қазақстандағы отырықшы қоныстардың қалдықтары» атты танымал еңбегінде орыс академигі И. Фальктің жазбаларында айтылған Сілеті өзенінің аумағындағы қалашықтар мен кесенелерді жүйелеуге тырысты. Алайда, бұл нысандарға дер кезінде зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ, тек өткен ғасырдың 80-90 жылдары профессор Анатолий Плешаковтың жетекшілігімен Солтүстік Қазақстанның археологиялық экспедициясы осы өңірдің археологиялық ескерткіштерін құжаттау жұмысын жүргізді.

2003-2007 жылдары Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Тимур Смағұлов Сілеті аңғарындағы Мортық шатқалына - Ақмола облысы Изобильный ауылы маңы Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылоба кесенелеріне зерттеу жүргізіп, картаға түсірді. Ә. Марғұлан атындағы археология институтының директоры, академик Карл Байпақов 2003 жылы бұл нысандарды зерттеу жөнінде және осы жерде ортағасырлық қалашықтарды іздеу қажеттігін айтты. Қазба жұмыстарын тек 2019 жылы ғана бастай алдық.

- «Қызыл оба» ескерткішіне артқан үміт ақталып жатыр ма?

- Кесенеде Жошы ханның ұрпағы жерленуі мүмкін. Атқарылар жұмыс ұшан-теңіз. Қазіргі уақытта археологиялық нысандар табылған аумақ 10 мың шаршы метрді алып жатыр. Толық бейнесін жасау үшін әлі де қазба жұмысы жүргізіледі. Ортағасырлық билеушілердің 7 кесенесінің болуы осы ауданда Алтын Орда дәуірінде көшпелі ставка-ордалар мен Солтүстік Қазақстан даласын мекендеген көшпенділердің бұрын белгісіз болған мәдени-саяси және қасиетті орталығының орналасқанын көрсетеді. Бұған әлі зерттелмеген басқа ортағасырлық кесенелердің қирандылары, қолөнер құрылыстарының қалдықтары және арықтар жүйесі түріндегі ежелгі суару және су көтергіш механизмдер-шығырларда қолданылған ыдыстардың табылғандығы дәлел бола алады. Еліміздің солтүстігінде орналасқан Қызыл-Оба шатқалындағы кесенелер Қазақстанның ортағасырлық тарихынан сыр беретін археологияның бірегей ескерткіші десек болады.

Фото: СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы
Фото: СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы
Фото: СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы

Мазарды қазу барысында «Алтын Орда стандарты» деп аталатын күйдірілген төртбұрышты кірпіштен қаланған массивті қабырғаның негізі табылды. Мұндай кірпішті XIV-XV ғасырларда көшпелі элитаны жерлегенде қолданған. Қабырғаны қалауға 25х25х5, 25х24х5, 24х24х5 см және жартылай кірпіштер қолданылған. Арасына балшық және алебастр ерітіндісі – «ганче» салынған. Солтүстік қабырға негізінің ені – 2,45 м, биіктігі – 0,87 м. Шығыс қабырғасының ені – 2,3 м, биіктігі – 0,92 м. Бүгінге дейін 4 қабірден 5 адамның - ер, әйел және 3 баланың сүйегі табылды. Сонымен қатар қазба кезінде 4 күміс монета, мата қалдықтары бар күміс айна, алтын сырға, 2 алтын салпыншақ және керамика шықты.

Фото: М. Қозыбаев атындағы СҚУ
Фото: М. Қозыбаев атындағы СҚУ

2022 жылы археологтер «Қызыл обадан» кірпіш қолданылған жиырмадан астам әртүрлі нысандарды тапты. Оның ішінде жоғары температуралы пештері мен технологиялық алаңдары бар шеберханалардың орындары ашылды, онда шеберлер кірпіштерді қалыпқа салып, күйдіріп, сақтап және сұрыптаған. Балқыту пештері де осында орналасуы мүмкін. Өйткені, мал шаруашылығынан, егіншілік және қолөнерден басқа көне қала тұрғындары кен өндірумен де айналысқандығы анықталды. Айта кететін жайт, нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Фото: СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы
Фото: СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы
Фото: СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы
Фото: СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы

- СҚО-ны дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында музейлендіру жұмысы жүргізілгендігі белгілі. Биыл қандай жұмыс жоспарланған?

- «Қызыл Обаны» музейлендіру сыртынан қорғаныс жабындыны салудан басталды. Солтүстік Қазақстанның қатал табиғи-климаттық жағдайында ортағасырлық сәулет ескерткішінің үстінен осындай қорғаныс құрылысын әзірлеу және құру алғаш рет жүргізілді. Бұл ғылыми қоғамдастық үшін де, сәулетшілер, құрылысшылар мен ескерткіштерді қорғау органдарының қызметкерлері үшін де теңдесі жоқ және бірегей тәжірибе болып отыр.

Былтыр республикалық маңызы бар «Қызылоба қорымы» археологиялық ескерткішінде, «2021-2024 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұрасының археологиялық объектілерін кешенді зерттеу және музейлендіру» жобасы аясында музейлендірудің екінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде қабырғаны ішінара қалпына келтіру, ортағасырлық технология бойынша кірпіш пешін жасау, некрополис макетін және ақпараттық стендті орнату, металл қоршауларды және стилобатқа шолуды ашатын археологиялық терезені орнату қолға алынды. Тас жол төселіп, аумағы абаттандырылды.

Биыл Сілеті өзенінің аңғарында Павлодар педагогикалық университетінің «Margulan centre» күшімен ғылыми зерттеуді жалғастыру жоспарланған.

Фото: М. Қозыбаев атындағы СҚУ