СҚО-дағы «Құлагер» командасының бастығына қатысты тергеу жүріп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы хоккей клубында шу шықты.
«Құлагер» хоккей клубының басшысы Сергей Филь хабар-ошарсыз кетіп, бірнеше хоккейші оған алаяқтық фактісі бойынша полицияға шағымданды. Күдікті «сыйақыға» қазақстандық құжатты жасап беруге уәде еткен екен.
«Құлагер» хоккей клубының директоры Игорь Шерстовтың айтуынша, Сергей Филь жарыстарға шығумен, мұз айдынында жаттығуларды ұйымдастырумен айналысқан.
— Өткен жылдың желтоқсан айында Сергей Филь «Құлагер» хоккей клубына жұмысқа алынды. 24 қыркүйектен бастап жұмысқа шықпай қойды. Оны іздеу барысында алаяқтық фактілері анықталды. Ол туралы айта алмаймын, полицияға арыз жазылды, тергеу барысында бәрі анықталатын болады. Мен ақша беріп немесе алып жатқанын көрген жоқпын, сол себепті бейхабармын. Қазір оның бұрынғы криминалдық өмірі жарыққа шығып жатыр, бұл адам бізге ресми түрде жұмысқа тұрды, еңбекақысынан барлық міндетті төлемдер алынып отырды. Егер де құқық қорғау органдары тарапынан сұрақ болса, бәрі анықталар еді. Хоккей федерациясының, клубтың ресми сайттарында ол туралы ақпарат, фотосы ашық тұрды, — дейді Игорь Шерстов.
Петропавл қалалық полиция басқармасының мәліметінше, хоккей клубының бастығы екі және одан да көп адамға алаяқтық жасау бойынша күдікті.
— Петропавл қалалық полициясына «Құлагер» командасының хоккейшілері арызданды. Бұл факті бойынша Астана қаласының 45 жастағы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша жедел-тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Азамат Бектұрғанов.
Полиция қызметкерінің айтуынша, қалған ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Бұған дейін СҚО-да шетел азаматтарына заңсыз ЖСН беру деректері анықталғанын жазған едік.