СҚО-дағы пайдаланылған уран кеніштерінен зиян жоқ — министрлік

Фото: СҚО экология департаменті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қазіргі уақытта жұмысы тоқтаған бес уран кен орны орналасқан.

Оның үшеуі — Грачевское, Косачинное, Дергачевское кен орындары — Айыртау ауданы, қалған екеуі Шоқпақ және Аққан-Бұрлық  — Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның аумағында тұр. 

Тоқсаныншы жылдары бұл кен орындарының жұмысы тоқтап, талан-таражға түсті, қауіпті болғанына қарамастан жергілікті тұрғындар құрылыс материалдарын бұзып алып, қоршауларын темір сынығын қабылдау пункттеріне өткізді. Шахталар қараусыз қалды. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазір бұл пайдаланылған уран кеніштерінен келер зиян жоқ. 

— Бұл нысандардың консервациясы «Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасына» енгізілген. Қазіргі уақытта уран кен орындарын Ғ. Мүсірепов және Айыртау аудандары әкімдіктері коммуналдық меншікке қабылдап, ауылдық округтер әкімдіктерінің балансына берілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2024 жылы кеніштердің қорғаныс қоршауларын қалпына келтіру, радиациялық қауіпсіздік белгілерін орнату, плиталар мен темір табақшалар төсеу және инертті материалдармен жабу жұмыстарын аяқтады, — делінген министрлік жауабында.

Фото: СҚО экология департаменті

Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы экология департаментінің сынақ зертханасы мамандары Айыртау және Ғ. Мүсірепов аудандарына барды.

Олар уран кен орындарының санитарлық-қорғау аймағының шекарасында және жақын маңдағы елді мекендер аумағында гамма-сәулелену дозасының эквиваленттік қуатын өлшеді.

Нәтижесінде гамма-сәулелену дозасының рұқсат етілген мөлшерден аспағаны анықталды. 

Фото: СҚО экология департаменті

Бұған дейін Петропавлдағы кәріздік ағын суды тазарту жүйесін жаңғырту жобасы 20 жылдан бері аяқталмай жатқанын жазған едік.