«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Соколовка елді мекені маңынан өтетін Иманбұрлық өзені тасып жатыр, қауіпті деңгей 560 см болса, қазір сағат 16.00-дегі деңгейі 572 см көрсеткен. Таңғы сағат 8.00-ден осы уақытқа дейін су жарты метрге көтерілді.
Сергеев қаласы маңынан өтетін Есіл өзені деңгейі де осы аралықта бірден 212 см-ге артты. Қауіпті көрсеткіш 1 500 см болса, қазір 1 123 см-ге жеткен.
Сергеев су қоймасындағы жағдай да күрделі. Бөгеннің ернеуінен асып төгілуі 2016 жылғы ауқымды су тасқыны деңгейінен асып кетті. Осыдан 8 жыл бұрын шарықтау шегінде 200 см-ге жетсе, қазір 260 см биіктікте асып төгіліп жатыр.
Облыстағы Шарық, Бабықбұрлық, Қамысақты өзендернің суы да толығып жатыр.
Естеріңізге салайық, былтыр Сергеев су қоймасы 8 сәуірде 196 см-ге дейін көтеріліп, шарықтау шегіне жетті.
Бұған дейін СҚО-да өзендер суының күрт көтерілуіне байланысты ескерту жарияланғанын хабарлаған едік.