СҚО-дағы Шалқар-Имантау жаңа туристік маусымға дайын ба

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Шалқар-Имантау курорттық аймағы үш аптадан кейін демалушыларды қабылдауды бастайды. Жазғы туристік маусым қарсаңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов демалыс аймағының дайындығын көрді.

Фото: СҚО әкімдігі

Шалқар-Имантау — СҚО-дағы ең сұранысқа ие демалыс орындарының бірі. Табиғаты тамылжыған, туристік әлеуеті жоғары бұл аймақ жылдан-жылға жақсарып, дамып келеді.

Фото: СҚО әкімдігі

— Мемлекет басшысы атап өткендей, ішкі туризмді дамыту — өңірлік экономиканың маңызды басымдықтарының бірі. Соңғы екі жылда Шалқар көлі жағалауында 21 шақырым жол салынды, бұл бағытта жұмыс әлі де жалғасады. Былтыр 5,2 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, 7 туристік нысан іске қосылды, алдағы жоспар қосымша 12 шақырымды қосу, — дейді өңір басшысы.

Фото: СҚО әкімдігі

Қазіргі таңда Айыртау ауданында 44 демалыс базасы жұмыс істейді. Курорттық маусымға дайындық аясында арнайы жұмыс тобы құрылып, демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарға алынған. Өткен жылдан бері мұнда модульдік құтқару станциясы жұмыс істеп, туристік полицияның кезекшілігі ұйымдастырылған.

Бұған дейін Риддердегі тау шаңғы курорты кеңейтілетінін жазған едік.