СҚО прокуратурасының мәліметінше, ведомство тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мемлекеттік мүлікті пайдалану саласындағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізген. Оның қорытындысы бойынша аудан прокуратурасы 2017 жылғы электрондық аукционның нәтижелерін және «Булаев су» ЖШС жарғылық капиталындағы 51% үлесті сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берді.
Сотта прокурор «AUHAL» ЖШС үлесті сатып алғаннан кейін кәсіпорын қызметіне іс жүзінде қатыспағанын және су құбыры желілерін күтіп-ұстау мен дамытуға қажетті қаражат салмағанын дәлелдеді.
Ал су құбыры желілерін күтіп-ұстау және апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына қажет қаражат Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігінің бюджеті мен ресурстары есебінен жұмсалған.
Осының салдарынан Булаево қаласының тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын күрделі қаржылық жағдайға тап болды.
СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты прокуратураның талап арызын қанағаттандырды. Нәтижесінде 2017 жылғы электрондық аукцион нәтижелері және «Булаев су» ЖШС жарғылық капиталындағы 51% үлесті сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды.
Сот шешімімен Булаево қаласының тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге арналған мүлік мемлекетке қайтарылды.
Прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік мүліктің қайтарылуы кәсіпорынды тиімді басқаруға, оның қызметіне бақылауды күшейтуге, су құбыры желілерін жаңғыртуға қажетті ресурстарды бағыттауға және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстанда 75,7 млрд теңгенің заңсыз иемденілген жылжымайтын мүлкі мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.