СҚО прокуратурасының мәліметінше, мақсат — сотталғандарды жұмыспен қамту. Бұл бастама бір реттік шара емес, керісінше ұзақ мерзімді қайта әлеуметтендіруге бағытталған кешенді жоба ретінде іске асырылып отыр.
— Біздің бастамамызбен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорны және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, түзету мекемелерінде өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын қолға алған.
Қазіргі таңда № 48 және № 51 мекемелерде үш өндірістік нысан іске қосылған. Жобаларға жалпы 92 млн теңге инвестиция тартылып, 192 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда «Еңбек» РМК-нің тігін цехы, сондай-ақ «Новопэк» ЖШС-мен бірлесіп биг-бэг қаптарын шығаратын екі өндіріс орны жұмыс істейді, — дейді прокурорлар.
Бұл бағытта жұмыс мұнымен тоқтамай, өндірістік әлеуетті кеңейту жалғасқан. СҚО ҚАЖ департаментінің № 50 мекемесінде ауданы 1 мың шаршы метр болатын жаңа ангардың құрылысы жүріп жатыр. Жоба іске қосылған жағдайда қосымша 60 жұмыс орны ашылмақ.
Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамтуға, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға және қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді.
Бұған дейін елде 2300-ден аса қазақстандық жазасын еңбекпен өтеп жүргенін жазған едік.