СҚО-дағы ұстаздар әулетінің ортақ еңбек өтілі – 650 жыл
Петропавл тұрғыны Екатерина Ибраева – ұстаздар әулетінің өкілі. Отбасының 23 мүшесі өмірін ұстаздыққа арнаған. Бәрінің еңбек өтілін санағанда шамамен 650 жыл, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұстаздар әулетінің негізін қалаушы Екатерина Ибраеваның әжесі – Екатерина Федоровна Лукьянченко. Ол 37 жыл бойы Уткин орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болды. Ең көбі еңбек өтіл әпкесі Татьяна Алексеевна Лукьянченкоға тиесілі. Ол 47 жыл бойы Искровка негізгі мектебінде бастауыш сыныптарға сабақ берді.
Жалпы ұстаздар әулетінде бастауыш сынып мұғалімдерінен басқа, орыс тілі мен әдебиеті, биология және жағрафия, тарих, физика, дене шынықтыру мұғалімдері, тіпті мектеп директорлары да бар. Сондықтан болар, Екатерина Валерьевна мамандық таңдауда көп ойланбаған. Ол бала кезінен-ақ кім болатынын білген екен.
«Бала кезден мұғалім болатынымды білдім. Өзімді соған дайындадым. Ата-анам өмірін мектепке, ұстаздыққа арнады. Кішкентайымнан олардың өз ісіне деген құштарлығын көріп өстім. Ауыл балаларының барлығы олардың оқушысы еді. Солардың қуанышына ата-анам да шын жүрегімен қуанып, маңызды күндерінің алдында қобалжитын. Жазғы демалыстан кейін мектеппен, балалармен, әріптестерімен кездесуді асыға күтетін. Өз шәкірттері туралы, олардың мінез-құлқын жақсы білетін. Өз ісіне соншалықты берілген, мамандығын осынша жақсы көретін адамдарды әлі күнге дейін көрген емеспін. Маған ата-анам үлгі, солар сияқты таңдаған кәсібімді абыроймен атқарғым келеді», - дейді Екатерина Ибраева.
Екатерина Валерьевна да бастауыш сынып мұғалімі. Ол Петропавлдағы «Дарын» мектеп-лицейінде жұмыс істейді. Еңбек өтілі – 12 жыл.
«Мен өзімнің кәсіби қызметімде әжем мен ата-анамның кеңесін, қағидаларын ұстануға тырысамын. Сабақты баланы жалықтырмайтындай етіп, қызықты өткізу үшін оқытудың бірегей әдістерін, әртүрлі ойын түрлерін қосамын. Оқушылардың қызығушылығын ояту үшін іс-шаралар өткіземін. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қабілеті ашылады. Біз Петропавл қаласының мұражайлары мен театрларына барғанды жақсы көреміз. Оқушыларымның ата-аналары – менің көмекшілерім. Мен балаларымның ақылды, әдепті, жан-жақты білімді болғанын қалаймын, бұл бағытта ата-аналармен бірлесе жұмыс істеп келеміз», - дейді ұстаз.