СҚО-дағы Волошинка елді мекені екі айға жуық ауызсусыз отыр

Фото: Pixabay.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Волошинка елді мекені халқы ауыл әкімінің мәселені шешпей отырғанына наразы.

Тұрғындардың айтуынша, мәселе 7 тамыз күні басталған. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен келген мамандар ескірген жергілікті су беру жүйесін жаңасына ауыстыру жұмыстарына кіріскен. Алайда, таза су келеді деген халықтың қуанышы ұзаққа бармады. 

Жұмысшылар жаңа вагонды және жаңа жабдықтарды орнатқанымен, белгісіз себеппен суды тазарту сүзгілерін қоймаған. 

— Суын ішіп болмайды, ащы. Көлігі барлар қазір көрші ауылдан, 3-4 км жерден тасып ішеді. Бірақ бәрінің бірдей көлігі жоқ қой, әсіресе зейнеткерлерге қиын. Суды осылайша тасып ішу мәселені шешпейді, қыс та жақындап қалды. Ескі қондырғының сүзгісін қойды, бірақ су әлі де ащы, — дейді елді мекен тұрғындары. 

Волошинка ауылдық округі әкімі мәселеге қанық. Тамыз айының соңында тұрғындардың шағымынан кейін суды сараптамаға жіберіп, оның тұздылығына көз жеткізген. Тұрғындарға су сүзгісі Алматыдан жеткізілетіндігін айтқан. Бірақ одан кейін де бір ай өткен.

— Ешқандай өзгеріс жоқ. Су — сол қалпы, ішуге жарамсыз. Ауыл әкімі жергілікті су көзі қондырғысы ауыстырылды, жұмыс істеп тұр деп есеп берген. Өзі Явленка ауылында тұрады, онда су мәселесі жоқ. Сондықтан біздегі жағдайға бей-жай қарауы түсінікті, — дейді тұрғындар.

Волошинка ауылдық округі осы мәселеге қатысты түсінік берді. 

— Биыл Волошинка ауылында пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты кешенді блок-модуль ауыстырылды. Орнатылғаннан кейін жүргізілген сараптама нәтижесінде судың құрамындағы тұз мөлшерінің шекті деңгейден асып кеткені анықталды.
Қазіргі уақытта жаңа сүзгілердің жеткізілуін күтіп отырмыз. Олар орнатылған соң, бұл мәселе толық шешімін табады, — делінген жауапта.

Бұған дейін СҚО-да үй құстары белгісіз аурудан қырылып жатқанын жазған едік.