СҚО әкімдігінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты жиын өтті. Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, СҚО 12 шілдеден бері «қызыл» аймақта. Алайда ауырғандар саны бойынша «қоңыр-қызыл» аймаққа сәйкес келеді. Инфекциялық стационарлар 70 %-ға толған жағдайда шектеу шаралары күшейтіліп, демалыс күндеріне локдаун енгізіледі.
«4 тамыз бен 17 тамыз аралығында облыста 2224 адам ауырған. Бұл оның алдындағы екі аптамен салыстырғанда 1,2 есе көп. Маусым айында ауырғандар саны небары 503 болса, шілдеде бұл көрсеткіш 2601-ге жетті», - дейді Әсет Жұматаев.
Соңғы екі апта бойынша эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп, нәтижесінде халықтың КВИ-ді негізінен қайда жұқтыратыны анықталды.
«3-16 тамыз аралығы алынды. Бұл аралықта 2224 адам ауырған. Олардың 52 %-ы КВИ-ді сауда орындарында жұқтыруы ықтимал. 24 %-ында тұрғындар инфекцияны үйде немесе жұмыс орнында жұқтыруы мүмкін. 15 %-ы қоғамдық көлікте, 4 %-ы пошта, банктер мен халыққа қызмет көрсету орындарында, 3 %-ы отбасылық мерекелерде, ойын-тойларда жұқтырып алса, қоғамдық тамақтану орындары, спорт нысандары, балабақшалар мен медициналық мекемелердің, монша-сауналардың үлесі 20 мен 3 жағдай аралығында», - дейді Әсет Жұматаев.
Сондай-ақ олардың ішінде ауырғандардың 31 %-ы 60 жастан асқандар, 50-59 жастағылардың үлесі 15 % болса, 40-49 жастағылар 12 %-ды, 30-39 жастағылар 16 %-ды, 19-29 жастағылар 12 %-ды және 14 жасқа дейінгі балалар 11 %-ды, ал 15-18 жастағылар 3 %-ды алады.
Ауырғандардың кәсіби құрамына келетін болсақ, шамамен үштен бір бөлігі – зейнеткерлер. 28 % - жұмыс істейтіндер, 23 %-ы – жұмыс істемейтіндер, 7,5 %-ы мектеп оқушылары, студенттер – 1,6 %. Сондай-ақ оның ішінде 4,3 % - үйде отырған балалар, 0,6 % - балабақша тәрбиеленушілері, 2 % - білім саласы қызметкерлері, 1,8 % - медициналық қызметкерлер», - дейді облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері.