СҚО Айыртау ауданындағы Имантау ауылын «жылыжайлар мекені» деп атайды. Мұнда 2 мың 300 тұрғын болса, соның шамамен төрттен бірі жылыжай ұстайды. Солардың бірі - Елена Максютованың отбасы. Кәсіпкер әйел биыл түрлі гүлдердің 100 мың түп көшетін өсіріп шығарды. Қазір де жұмысы қызған. Тапсырыс бойынша өсімдіктерді жан-жаққа көлікке артып жіберіп жатыр.
«Жылыжай ісін қолға алғанымызға он жыл болды. Бұл – отбасылық бизнес. Күйеуім екеуіміз айналысамыз. Басында тек петунья гүлдерінің көшетін ғана егетінбіз. Қазір гүл сорттарының түрі 20-ға жетеді», - дейді Елена Максютова.
Кәсіпкердің айтуынша, отбасы егуге дайын өнімді негізінен Қостанай, Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларына жібереді.
«Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейміз, сол себепті көшеттерді сату жеңілірек. Бірақ биыл карантинге байланысты мерзімнен қалып барамыз. Қай істе болмасын тәуекелге бел буасың ғой. Мол көлемде гүл егеміз. Сатылмай қала ма деп қорқасың. Біздің бизнестегі ең басты қиындық та осы – сату. Жалпы, ауылда 150 отбасы жылыжай ұстайды. Бірақ біз бір-бірімізге бәсеке емеспіз. Өйткені әрқайсымыздың жылдар бойы келе жатқан клиенттеріміз бар», - дейді кәсіпкер.
Ауыл тұрғындары гүл тұқымын ақпанда егіп, көшеттерді маусымға дейін сатып бітіреді. Босаған орынға көкөністің түр-түрін - қызанақ, қияр, қырыққабат егеді. Жаз бойы тынымсыз еңбек етіп, күз соңына қарай жылыжайды жабады.
«Имантау аты көпшілікке жылыжайларымен танымал. Елді мекен тұрғындары бұл істі 1996 жылдан бастап қолға алды. Басында бірен-саран отбасы ғана айналысатын. 2008 жылдан бастап тұрғындар жаппай осы іске бет бұра бастады. Табыстары жаман емес. Қазақстанның көптеген қалаларынан келіп алады. Облыстың көшелерінде жайқалған петунья гүлдерінің барлығы осы Имантаудан шыққан», - дейді Имантау ауылдық округінің әкімі Любовь Сердюк.