СҚО-дағы Бескөл ауылындағы көшелерді жөндеуге 800 млн теңге жұмсалады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылындағы көшелерді жөндеуге 800 млн теңге жұмсалады, көрші елді мекендерде де бірқатар әлеуметтік нысан жөнге келтірілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс бабымен Қызылжар ауданында болып, құрылыс нысандарына барды. Бұл жайында өңір басшысының баспасөз қызметі мәлім етті.

Биыл Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында халықтың тұрмысын жақсартатын ауқымды жұмыс атқарылмақ. 40 көше жөнделіп, оған 800 млн теңге жұмсалады. Тағы 60 млн теңгеге көшеге жарық тартылады. Аудан орталығындағы жылу жүйесі мен қазандық жаңартылып, нәтижесінде қуаты артқан орталықтандырылған желіге 18 көпқабатты үй қосылды. Жылыту маусымына дейін тағы 32 үй қосылады.

Облыс әкімі сондай-ақ Якорь елді мекенінде болып, кешенді жүргізіліп жатқан абаттандыру және құрылыс жұмыстарымен танысты. Былтыр ауылында мектеп күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл су тартылып, 150 млн теңгеге көше жолы жөнге келтіріледі. Бірнеше жылдан бері бос тұрған балабақша ғимараты жөнделіп, пайдалануға беріледі. Футбол алаңы бар, тренажерлар орнатылған балалар спорт алаңы да салынбақ.

Асаново ауылында да жол қалыпқа келтіріліп, мектеп жөнделеді. Көшені жөндеуге 156 млн теңге бөлінді. Соколовка елді мекенінде де тұрғындар көптен күткен жұмыс атқарылмақ. 74 млн теңгеге ауыл ішілік жол салынып, түзеу мектебі мен дәрігерлік амбулатория күрделі жөнделеді.

«Біз қазір болашағы бар ауылдарда кешенді жөндеу жүргізіп жатырмыз. Бір жылда бірден мектеп, амбулатория, жолдар мен су желілері жөнделуде. Өзекті мәселелер шешімін табуда. Округ әкімдері жұмыссыз қалды деуге болады», - деп атап өтті Құмар Ақсақалов.



Соңғы жаңалықтар