СҚО-дағы Достық элеваторында өрт болып, жарты тонна күнбағыс тұқымы бүлінді

АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат - Жұма күні Солтүстік Қазақстан облысының Николо-Бурлук ауылында орналасқан Достық элеваторының кептіру қоймасында өрт болды. Бұл ақпаратты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Құтқарушылардың мәліметтеріне қарағанда, өрт құшағына 24 шаршы метр аумақ оранған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. «Өрт жарты тонна күнбағыс тұқымын бүлдірді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Тілсіз жау 5 сағат өткеннен кейін ауыздықталған. Оны сөндіруге ҚР ТЖМ Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 17 маман мен 3 техника және ерікті өрт сөндірушілер жасағынан 4 адам мен 2 техника жұмылдырылды.